Тәртіп ережесі

І.Оқушы тәртібі туралы жалпы ереже

  1. Оқушылар сабаққа 10-15 минут ерте келуі міндетті.
  2. Сабаққа оқушы ҚР Білім және Ғылым министрінің 26-бұйрығына сәйкес ұлдар — классикалық үлгідегі қара немесе қою көк шалбар, костюм, ақ көйлек, қыздар – қара немес қою көк юбка, ақ кофта киюге міндетті.
  3. Сыртқы киімін мектеп киім ілігішіне тапсырады.
  4. Сыныпта сынып жетекшісі тарапынан бекітілген орынға ғана отырып, өтілетін сабаққа қатысты оқу құралдарын даярлайды.
  5. Мектепке және мектеп ауласына адам денсаулығы мен өміріне қауіпті заттар, жарылғыш немесе тез тұтанғыш заттар алып кіруге қатаң тыйым салынады. Әкелген жағдайда, оқушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, профилактикалық есепке алынады.
  6. Мектеп бағдарламасына сәйкес берілген үй тапсырмаларын күнделікке толтыруға және орындауға міндетті.

7. Сабаққа қатысты барлық қажетті оқу және жазу құралдарын әкелуге міндетті.
8. Сабақ уақытында мұғалімдердің рұқсатынсыз мектеп ауласынан тыс жерлерге шығуға, өзге де іс-шараларға қатысуға болмайды.
9. Бастауыш сынып оқушыларын мектептен сабақ уақытында немесе сабақ аяқталғаннан кейін үйге тек ата-аналары мен заңды өкілдері алып кетуі міндетті.
10. Оқушы ата-анасы мен заңды өкілінің мектеп директорының атына жазған өтініш негіздемесі бойынша сабақтан босатылады.
11. Оқушыға сабақ уақытында үйге немесе өз учаскесі емханасынан профилактикалық тексеруге баруға ата-анасы немесе заңды өкілінің жауапкершілігі негізінде босатылады.
12. Оқушыға қалалық, облыстық, республикалық түрлі спорттық, мәдени іс-шараларға қатысуға және сабақтан босатылуға мектеп директорының бұйрығы бойынша рұқсат етіледі.Бұйрық аясында балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне жауапты педагог қызметкер бекітіледі.
13. Оқушы мектеп ауласы мен ішінен бөгде біреулердің заттарын тауып алса тез арада мектеп әкімшілігіне немесе кезекші мұғалімге тапсыруға міндетті.
14. Оқушы сабақтан қалған күндеріне дәрігер анықтамасын, ата-анасының немесе заңды өкілінің түсініктеме хатын алып келуге міндетті.
15. Оқушыларға сабақтан дәлелді себепсіз қалуға қатаң тыйым салынады. Оқушыға үш күннен артық сабаққа дәлелді немесе дәлелсіз себеппен сабаққа келмегені үшін сынып жетекші тарапынан анықтамалық құжат толтырылып, мектеп әкімшілігіне тапсырылады.Дәлелсіз себеппен сабаққа келмеген оқушы профилактикалық есепке алынып, ата-анасы немесе заңды өкілінен түсініктеме алынады.
16. Оқушылар мектепте, көпшілік мәдени орындарда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, әдептілік танытуы тиіс.
17. Оқушылар мектеп мүлкіне, өзінің және өзгелердің жеке мүлкіне ұқыптылықпен қарайды.
18. Оқушыға бөгде біреулердің заттарын қарауға, рұқсатсыз алуға, ұрлауға қатаң тыйым салынады. Біреудің жеке мүлкін ұрлағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, профилактикалық есепке алынады.
19. Оқушы мектепте, қоғамдық ортада, түрлі тәрбиелік, сыныптан тыс іс-шараларда өзін әдепті және мәдениетті, тәртіпті ұстауы тиіс.
20. Оқушыға өзін мектеп ішінде діни сипаттағы киімдер киюге, діниэкстремистік көріністе насихат жұмыстарын жүргізуге, құқықбұзушылыққа бейім әркеттерге баруға және ұйымдастыруға қатаң тыйым салынады. Атап көрсетілген көріністер орын алған жағдайда, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, профилактикалық есепке алынады.
21. Мектеп ғимаратында «қоңырау/жауап/смс» функциялары бар мобильді құрылғыларды қоспағанда, интернет модульдермен, фото-бейнекамералармен жабдықталған мобильді құрылғыларды (ұялы телефондар, планшеттер, смарт сағаттар және соған ұқсас басқа да құрылғылар) пайдалануға тыйым салынады (оқу үдерісіне пайдалануға қажеттілік туындаған жағдайдан басқа);
22. Ата-аналарға және бөгде адамдарға сабақ уақытында мектеп ғимаратына кіруге болмайды (сырттан келген қонақтар кезекші вахтаға тіркеліп, рұқсат алып кіреді).

ІІ.Оқушылардың сабақ уақытындағы тәртібі

1. Сыныпқа мұғалім кіргенде оқушылар орнынан тұрып құрмет көрсетеді. Мұғалім амандасып болғаннан кейін және оның рұқсатымен орындарына отырады.Сондай-ақ, сабақ уақытында өзге де үлкен кісілер кірсе, орнынан тұрып құрмет көрсетеді.
2. Әрбір мұғалім өз сабағы мен оқушылармен қарым-қатынас тәртібін Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы мен мектеп жарғысына сәйкес ұйымдастырады.
3. Сабақ уақытында шулауға, өзін және сыныптас достарын сабақтан алаңдатуға, сабаққа қатыссыз іс-әркеттермен (мобильді телефонмен, айпад, наушник т.б заттармен ойнауға, әңгімелесу, күлу) айналысуға тыйым салынады.
4. Сабақ уақытында сыртқа тек мұғалімнің рұқсаты бойынша ғана шығады.
5. Оқушы сабақ уақытында мұғалімге сұрақ қойғысы немесе қойылған сұраққа жауап айтқысы келсе қолын көтереді.
6. Әр оқушы өз орнының санитарлық жағдайын сақтайды.Сынып бөлмесіне қағаз, сағыз т.б. түрлі заттардың қалдықтарын тастауға болмайды.
7. Оқушы сабақ уақытында мұғалімнің сабақ процесіне қатысты талабын орындауға міндетті.
8. Оқушы мұғалімге қойылған сұрақ пен тапсырмаларға қатысты өз ойы мен пікірін, дұрыс жауабын анық айтып, сабаққа қатысты түрлі оқу көрнеліктерін қолдана білуі тиіс.
9. Дене шынықтыру сабағына оқушылар спорттық формалар мен спорттық аяқ киімдер киеді. Мұғалімнің рұқсатынсыз оқушылар спорт залдан шыға алмайды. Денешынықтыру сабағынан босатылған оқушылар спорт залда отыруға міндетті.
10. Дене шынықтыру, еңбек пәнінің мұғалімдері оқушыларды сабақтан қоңырау соғылғанда ғана босатады.
11. Қоңырау соғылған соң мұғалім оқушыларға өз сабағының аяқталғанын хабарлайды. Оқушылар орнынан тұрып, мұғалімнен кейін сыныптан шығады.

IIІ. Оқушылардың қоңырауда, үзілісте және ауысым аралық уақыттағы тәртібі

1.Үзіліс кезіндегі оқушылар міндеті:

  • өз партасы мен орындығының тазалығына назар аударуға;
  • мұғалімдер мен техникалық қызметкерлердің талабын орындауға;
  • мұғалім өтініші бойынша сыныпты келесі сабаққа даярлауға;
  • үзіліс кезінде тек өз сыныбының аумағында болуға;
  • мұғалімдермен, ата-аналармен, үлкен кісілермен кездескенде амандасып, жол беруге;
  • мектеп дәлізінде, баспалдақта оң жақпен жүруге;
  • мектеп ішінде жүгірумеуге;
  • мұғалімдер бөлмесіне рұқсатсыз кірмеуге;

2.Оқушыларға тыйым салынады:

  • ер балаларға шаш өсіруге, әр түрлі түске бояуға, мектеп оқушысына тән емес стильде шаш үлгісін қоюға, әр түрлі зергерлік бұйымдар тағуға;
  • қыз балаларға шаштарын жаюға, әр түрлі түске бояуға, түрлі зергерлік бұйымдарды тағуға, тырнақтарын шектен тыс өсіріп, бояуға;
  • мектеп ішінде босқа жүруге;
  • сырт киіммен жүруге;
  • мектеп терезесінің алдына ойнауға, отыруға;
  • дәлізде не сыныпта бірін-бірі итеруге, алысуға, түрлі заттарды қолданып күш көрсетуге;
  • мектеп ішінде бейәдеп сөздер сөйлеп, шулауға, қатты дауыс шығарып күлуге;
  • мектеп ғимараты мен ауласында темекі шегуге;
  • сабақ аяқталғаннан кейін мектеп ішінде немесе ауласында босқа жүруге;

3.Сынып кезекшісінің міндеті:

  • қоңырау кезінде сыныпта болуға;
  • сынып тазалығын қадағалауға;
  • сыныпты келесі сабаққа даярлау үшін пән мұғаліміне көмектесуге;

4.Асханадағы оқушылар міндеті:

  • асхана қызметшілері мен мұғалімдердің талабын орындауға;
  • сабаққа кіруге соғылған қоңыраудан кейін асханада болмауына;
  • ыстық тамақ пен сусындарды өте ұқыптылықпен алуға;
  • тамақ ішіп болғаннан кейін өз ыдыстарын жинауға;

ІV. Қорытынды ереже

  1. Ереже мектептің оқу-тәрбие процесіне қатысты барлық іс-шаралар уақытында қолданылады және жүзеге асырылады.
  2. Ереже педагогикалық кеңесте қаралып, мектеп директорының бұйрығына сәйкес қолданысқа енеді. Сыныптағы әр оқушы осы ережемен танысуға және орындауға міндетті.
  3. Ережеге толықтырулар мен өзгерістер педагогикалық кеңестің шешімі бойынша енгізіледі.